Атырау кәсіпкерлері 74 жасар марафоншыға қолдау көрсетті
«IQ-Group» оқу орталығы 74-жасар марафоншы Жеңіс Айтбаевқа келер жарыс шеңберінде демеушілік көмек көрсетті
Спорт ардагерінің есімі Атырау облысында кеңінен танымал. Өңір тарихында ол алғашқылардың бірі болып КСРО-ның бокс бойынша спорт шебері атанған. Рингте спортшы 20 жыл бойы өнер көрсеткен. Ары қарай жеңіл атлетикаға ауысып, осы бағытта көптеген марапаттарға қол жеткізген. Жасына қарамастан ардагер таңдаған спорт түріне әлі күнге дейін адал еңбек етіп келеді.
«Өз мысалымда мен жас ерекшелігі спортта кедергі еместігін көрсеткім келеді. Қазіргі таңда негізгі мақсатым – жастар арасында спорт және салауатты өмір салтын насихаттау. Спорттық жарыстарды қалдырмауға тырысамын. Жуырда Мәскеуде өткен марафонға қатыстым. 42 шақырымдық дистанцияны жүгіріп өттім, мақтау қағазы мен медаль алдым. Алда бірнеше жарыс бар. Қызу дайындық үстіндемін», – деді Жеңіс Айтбаев.
Спорт ардагеріне демеушілік көмекті «IQ-Group» оқу орталығы көрсетті. Кездесу Атырау облысы ӨКП базасында өтті. Орталықтың өкілдері Жеңіс Айтбаевқа зор денсаулық және келер жарыстарда сәттілік тіледі.
«IQ-Group» оқу орталығы қызметін 2015 жылы бастаған, қазіргі таңда кадрларды 16 мамандық бойынша оқыту және дайындаумен айналысады. Ағымдағы жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама шеңберінде орталықта 500-ден астам адам оқуға қатысқан. Білім беру нысаны «Атамекен» ҰКП оқу орталықтарының тізіліміне енген. Оқу орталығы түлектерінің жұмысқа тұру деңгейі 80%-ды құрайды.
Пікір қалдыру:
Пікірлер: