«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумы өтті

2020 жылғы 06 Қаңтар
- Атырау облысы
7310 просмотров

Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартады. Мұндай пікірді Кәсіпкерлер форумында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев айтты

Кәсіпкерлер форумы PBI жобасы – облыстағы инвестициялық ахуалды талқылау мақсатында инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы шеңберінде ұйымдастырылды. Іс-шараға Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, өкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының басшылығы, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері қатысты.

 Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла Идресов өз баяндамасында 2018 жылы «Doing Business» рейтингінде Қазақстан 190 елдің ішінен 36-орынды алса, 2019 жылы 10 негізгі бағыттың 6-ы бойынша көтеріліп, 28-орынды еншіледі.

 «Қазіргі таңда кәсіпкерлік саласында заңнама жетілдірілуде, бизнесті құру және жүргізу тәртібі оңайлатылып жатыр, мемлекеттік аппараттың рұқсат беру және қадағалау функциялары жақсаруда. Тәуелсіздік жылдары алғаш рет Кәсіпкерлік кодексі қабылданды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде өкіл институты құрылды. Алайда, бизнесті қорғау және қолдаудың тиімді жүйесін құру үшін тұрақты өзара әрекеттесу қажет. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және ҰКП-ның бірлесуімен бірқатар іс-шараларды қолға алды, соның нәтижесінде бизнес жасалатын қысым азайып, оған тиімді қорғау қамтамасыз етілді. Аталған жұмыс ары қарай жалғасын табады», – деді Өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшысы.

 Бүгінде Инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасы аясында Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаменті 13 кәсіпкермен жалпы сомасы 171 млн теңгеге келісімдерге қол қойды. Инвесторларға қойылатын жалғыз шарт – бұл инвестициялық жобадағы сыбайлас жемқорлық компоненттерінен 100%-ға бас тарту және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділік.

 «Белсенділігіміз және жедел әрекет етуіміздің арқасында сыбайлас жемқорлықтың белгілері жойылып, кінәлілер жазасын алуда. Осылайша, сыбайлас жемқорлықтан ада мемлекет пен қоғамның тұтастық қағидаттарын іске асыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы аумақтарды кеңейту бойынша күш-жігерді біріктіру үшін жағдайлар жасалуда. Басты шарт – бизнесті адал жүргізу. Сондықтан менің келген мақсатым – түйткілді мәселелерді анықтап, шешу жолдарын табу», – деді Алик Шпекбаев.    

Форум барысында қатысушылар өңірге жергілікті әрі шетелдік инвесторларды тарту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама аясында бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғаудың өзекті мәселелерді талқылады.

Айта кетелік, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Атырау облысына келген сапары шеңберінде «Antikor ortalygy» сервистік орталығы және «Адалдық дүкені» ашылуына қатысты. Азаматтарды кедергісіз және жедел қабылдау үшін құрылған сервистік орталықтар халықпен диалог алаңы ретінде қызмет етеді. оpen-space және фронт-офистің тиімді жұмысы азаматтарға   заңгерлік қызметтерді алуға мүмкіндік беріп, мемлекет және қоғам арасындағы қашықтықты қысқартады.

«Адалдық дүкені» азаматтардың адалдығы мен заңға бағыну деңгейін анықтауға көмектеседі. Қазіргі таңда өңірде 190 дүкен жұмыс істейді, олар өзіне-өзі жұмыс істеу қағидаты бойынша жұмыс істейді. Олардың 3-уі ЖОО-ларда, 20-сы колледждерде, 167-сі мектептерде ашылған.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер