«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңа төрағасы – Әділ Жұбанов

2020 жылғы 03 Қыркүйек
- Атырау облысы
12318 просмотров

Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің жаңа құрамы құрылып, оған өңірде танымал кәсіпкер, «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры Әділ Жұбанов төраға болды.

 Бүгін Өңірлік кеңестің алғашқы жиыны өтті. Оған 12 мүше офлайн форматта, 8 мүше онлайн форматта қатысты.

 Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе жаңа төрағаны сайлау болды. Кеңес мүшелері екі кандидатты: «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры Әділ Жұбановты және «Нұрлы дала» шаруа қожалығының басшысы Мұрат Сармановты ұсынды.

 Ашық дауыс беру нәтижесі бойынша Атырау облысы ӨКП Өңірлік кеңесінің төрағасы болып «БатысАльянсСтрой» ЖШС бас директоры, қоғам қайраткері, меценат Әділ Жұбанов тағайындалды.

 Әділ Жұбанов Атырау облысы Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында 1972 жылы туған. Атырау педагогикалық институты, «Қайнар» университеті (Алматы қ.), Атырау мұнай және газ университетінде білім алған. Көп жылдар бойы құрылыс саласында жеке кәсіпкерлікпен айналысқан, бүгінде «БатысАлянСтрой» ЖШС құрылтайшысы және бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты. 2014 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

 «Өңірлік кеңес мүшелеріне маған артқан сенімдері үшін алғыс білдіремін. Мен өткен құрамның мүшесі болдым. Әлия Бекқожиеваның басшылығында болған кеңес құрамы бизнес құқығын қорғау, мүддесін ілгерілетуде үлкен жұмыстарды атқарды. Осы жұмысты ары қарай жалғастырамыз, жаңа құрам мүшелерін жұмысқа белсенді қатысуға шақырамын», – деді Әділ Жұбанов.

 «Қызмет саласын ескере отырып, өңірлік кеңестің жұмысын үйлестіру үшін 4 негізгі комитет анықталды. Комитеттер өздеріне басшы сайлай алады, күн тәртібіндегі сұрақтарға қарай жұмыс жоспарын бекітеді. Кеңес құрамында жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай үлес қосатын және өз сайлаушыларының үмітін ақтайтын көптеген сенімді кәсіпкерлер барына сенемін», – деді ӨКП директоры Абдолла Идресов.   


Еншілес ұйымдар

Серіктестер