«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Атырауда эмоциялық интеллект дағдыларын дамыту орталығы ашылды

2021 жылғы 10 Наурыз
- Атырау облысы
9835 просмотров

Қазақстан аумағында осы бағытта 3 білім беру нысаны ғана жұмыс істеп жатыр

Адамның эмоцияларды тануы, өзгенің және өз ниеттері, мотивациясы және талап-тілектерін түсіне білу қабілеті, сондай-ақ практикалық міндеттерді шешуде өзінің жеке және өзге адамдардың эмоцияларын басқара білуі – эмоциялық интеллект деп аталады. «ЭИ балалар» білім беру орталығының жетекшісі Сәуле Төменованың пікірінше, осы қабілетті дамыту адам өміріндегі табыстылықты айшықтай түседі.

 «Өзімнің бұрынғы қызметімде осы түсінікке жиі тап болатынмын. Сондықтан, адамның жеке эмоцияларын басқара білу қабілеті қаншалықты құнды екенін бір адамдай білетіндіктен мен Атырауда осы бағытта кәсіп бастауды қолға алдым. Оның үстіне өңірімізде мұндай орталық болмады. Нарықты зерделей келе, ресейлік франшизасын таңдадым. Ғылыми бағдарлама әлемде жетекші университеттердің бірі – Йель университеті тұжырымдамасына негізделіп әзірленіп, белгілі профессорлар және психологтармен тексерілген. Оқу аптасына екі рет өтеді және 4-15 жас аралығындағы балаларға арналған. Орталықта 2 оқытушы жұмыс істейді, қазіргі кезде орталықта 50-ге жуық бала оқып жатыр. Техникалық ашылу өткен жылдың қыркүйек айында болды, алайда карантиндік шектеулер салдарынан толық ауқымда жұмыс істей алмадық. Тұтастай алғанда, орталық 100 оқушы орынға шақталған, жоспарда – қызмет ауқымын кеңейтіп, оқушылардың ата-аналарына, компаниялардың қызметкерлеріне тренинг, шеберлік сабақтарын өткізу», – деді Сәуле Төменова.

Жұмыстың алғашқы күндерінен бастап бұл орталықтың сабағына Назугум Бейтузунның егіз қызы қатысып жүр. Анасы оқудың салыстырмалы түрде қысқа мерзіміне қарамастан, қыздардың бойында оң өзгерістер байқалатынын айтады.

«Мен бұл орталыққа газет бетіндегі жарнаманы көрген бойда қызығушылық таныта бастадым. Біз орталыққа тұрақты түрде барамыз. Менің қыздарым менімен және құрдастарымен ашық сөйлесе алуын, олардың жағымсыз эмоцияларымен жақсы күресіп жатқанын байқаймын. Біз жасөспірім кезіндегі қиындықтарды оңай өткеру үшін ұзақ мерзімді негізде осы орталыққа баруды жоспарлап отырмыз», – дейді Назугум Бейтузун.

 Мамандардың айтуынша, эмоциялық интеллект – мінезі мен темпераментіне қарамастан кез келген адам бойында жетілдіруге болатын қабілет. Егер басқа білім беру ұйымдарында білім ақыл-ойды жетілдіруге басымдық берілсе, «ЭИ балалары» орталығында адамның әлеуеттік және жеке қабілеттері жетіле түседі. Орталықтың ашылу салтанатына қатысқан Атырау облысы ӨКП директоры  Абдолла Идресов және Палата Өңірлік кеңесінің мүшесі Гүлмира Жұмағалиева кәсіпкерге жаңа бастамада табыс тіледі.

 


  

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер