«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Шымкент: жұмысшы мамандықтарға сұраныс көп

2025 жылғы 10 Ақпан
- Шымкент қаласы
751 просмотров

Қазақстандағы еңбек нарығын негізінен жұмысшы мамандар құрайды.

Статистика бойынша елімізде жұмыс істейтін мамандардың жартысынан көбісінде (52%) кәсіби немесе техникалық білім бар. Дегенмен, соған қарамастан таяу болашақта жұмысшыларға деген сұраныс арта түседі.

Кәсіпкерлер мен сарапшылардың да пікірі осындай. Шымкенттегі Danico балалар киімі цехының өкілдері жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге шақырады. Айтуынша, жалпы нарықта, оның ішінде жеңіл өнеркәсіпте мамандар тапшылығы байқалады.

«Президенттің 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп атағаны осы саланың дамуына серпін береді деп сенеміз. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе, әсіресе, жұмысшы мамандығының қадірі насихатталса, жастар осындай мамандыққа көптеп келер деп сенеміз. Себебі, біздің цехтың өзінде мықты мамандар қажет болып жатады. Негізі – тігінші-пішуші мамандығы адамның қызығушылығына байланысты. Бұл салада жұмыс көп, біздегі тапсырысты орындауға шеберлер жетіспей жатады. Бұл кәсіпте нәсібіңді табу қиын емес. Әсіресе, қыз балаларына», – дейді технолог-конструктор Зәуре Алиева.

Бұл тігін цехы 2020 жылы ашылған. Жаңа туған нәрестелерден бастап 3 жасқа дейінгі балаларға арналған киімдер, төсек жабдықтары тігіледі. Өндірісте 100 пайыз мақта маталары қолданылады. Кәсіпкер өз ісін бастамас бұрын бұл саланы жақсылап зерттеп алғанын айтады.

«Бұл салада сұраныс көп екенін байқадық. Себебі, балалар тез өседі, тез киім ауыстырады, ата-аналарына үнемі жаңадан киім алу қажет болады. Еліміздің патриоты деп санайтындықтан, отандық тауарларымыз көбейсін деген оймен осындай кәсіпті аштық. Айына 12 мың дана өнім дайындап шығарамыз. Қазіргі таңда цехымызда 23 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар табуда Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының көмегі көп. 2023 және 2024 жылдары екі жыл қатарынан цехымызда 3 айлық курс өткіздік. Содан жалпы саны 50 шәкірт оқып шықты. Олар тігін саласының теориясымен қатар практикасын да меңгеріп, арасынан 10 адам, міне, бүгінде бізідң цехта жұмыс істеп келеді», – дейді кәсіпкер Нүркен Өтегенов.

Жауапты мамандар Жұмысшы мамандықтар жылында білім беру жүйесі мен мамандардың біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады деген пікірде.

«Қазіргі таңда өңіріміздегі 400-ден астам кәсіпорын дуальды оқыту жүйесіне қатысуда. Жалпы саны 24 колледже 8 мыңға жуық шәкірт 25 сала мен 75 мамандық бойынша осы жүйемен қамтылған. Осының нәтижесінде студенттер өз мамандығының теориясын ғана емес, практикалық біліктіліктерін де үйреніп, кәсіпорындарда іс-тәжірибеден өтуде. Жалпы, Кәсіпкерлер палатасы мен қаламыздағы білім беру ұйымдары мықты мамандар әзірлеп, экономиканың барлық саласын дамытуға негіз болатын мықты әрі тұрақты жүйе құру бағытындағы жұмысты жалғастыра түседі», – дейді Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев.

Айта кетейік, 2014 жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жыл сайын өңірлердегі кәсіпорындардағы мамандар қажеттілігіне мониторинг жүргізеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің enbek.kz платформасындағы бұл мониторинг еңбек нарығының қажеттілігін нақты анықтауға және техникалық және кәсіби оқыту бойынша мемлекеттік тапсырысты қалыптастыруға көмектеседі. Нәтижесінде білім беру ұйымдары мен оқу орталықтары өз бағдарламаларын кәсіпорындардың сұранысына орай бейімдеп, маман дайындаудың сапасы арта түседі.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер