«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Идеядан өндіріске дейін: Абай облысының әйелдері «БАБӨ» жобасымен өз кәсібін құруда

2025 жылғы 11 Ақпан
- Абай облысы
463 просмотров

Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының табысты тәжірибелеріне арналған іскерлік кездесу өтті. Бұл іс-шараны Өңірлік кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі «Адал АС» компаниясының бастамасымен ұйымдастырды. Жобаның финалистері мен қатысушылары мемлекеттік органдар өкілдерімен маңызды мәселелерді талқылап, жобаның олардың бизнесіне қалай әсер еткенімен бөлісті.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған. Қатысушылар табиғи шикізаттан бәсекеге қабілетті өнім шығарып, дәстүрлі қолөнер мен жергілікті бизнесті насихаттауда.

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы өз ісіне сүйіспеншілікпен қараған, қолөнерге адал жандардың еңбегін паш етеді. Бұл – еліміздің, қаламыздың, ауылымыздың табиғи ресурстарынан жасалған ерекше өнімдер. Басқа өңірлер мен елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, бұл жобаның үлкен әлеуеті бар екенін сеніммен айта аламыз. Өнімділіктің ең жоғары деңгейіне жеткен кезде, ол шағын бизнестің дамуына айтарлықтай үлес қосуы керек. Ол үшін жобаны кеңейтуге белсенді ықпал етіп, өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу маңызды. Бүгінгі кездесуге қатысып отырған әрбір әйел кез келген мәселесін тікелей сала мамандарына қоя алады», – деп атап өтті «Адал АС» компаниясының директоры Раушан Мұхажанова.

Өңірлік іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгерім Смағұлова әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға қатысты жоспарларымен бөлісті.

«Біздің кеңестің және әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі кеңестің мақсаты – әйелдердің өңдеу өнеркәсібі, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда кәсібін дамытуына көмектесу. Сонымен қатар, Қырғызстанға сапар ұйымдастырып, сол жақтан тәжірибе алып, оны өңірімізде тиімді түрде енгізуді жоспарлап отырмыз. Абай облысында бұл жоба енді ғана іске қосылғанымен, кәсіпкерлер бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижелерін көріп, «БАБӨ» ұсынған мүмкіндіктер үшін алғыс білдіруде. Сенімім мол, біз бұл бағытта барлық кедергілерді еңсеріп, жүйелі жұмыс жасаймыз», – деді Айгерім Смағұлова.

Биыл өтінімдерді қабылдау ақпан айында басталды. Жобаның финалистері мен әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 110 млн теңге бөлінді.

«Өздеріңіз білетіндей, біздің өңірде жоба үшінші жыл жүзеге асырылып жатыр. Алдыңғы екі кезеңнің нәтижесінде жеті финалист анықталды, олардың төртеуі 5 млн теңге көлемінде грант ұтып алды. Ең үздік бизнес-идеялар қатарында – тоқыма өнімдері, қымыздан балмұздақ жасау, қыш шеберлігі, киіз бұйымдарын шығару жобалары бар. Сонымен қатар, грантқа «Адал АС» компаниясы да ие болды. Жоба аудандарда да сәтті іске асырылуда. Мысалы, Ақсуат ауданында кәсіпкер Максат Көшербаев мал қиын қайта өңдеп, экологиялық көмір өндірісін дамытып жатыр. Бұл бастаманы облыстық деңгейге шығаруды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Абай облысы Кәсіпкерлер палатасының шағын кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Нұрасыл Мұратов.

Өткен жылдың финалисті Нұрзия Тәшімова гранттың арқасында өндірісін кеңейтіп, қажетті жабдықтарды сатып алған. Ол киіз бұйымдарын жасаумен 10 жылдан астам уақыт айналысады және осы салаға қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.

«Кәсіпті бастау үшін, ең алдымен, шебер болу керек. Киіз басу – халқымыздың ежелден келе жатқан өнері. Кеңес заманында киіз кілемдерден бас тартылды, алайда олардың пайдалы қасиеттері өте көп: киіз шаңды бойына сіңіріп, сілкігенде тез тазарады. Бүгінде заманауи киіз бұйымдары қайтадан сұранысқа ие бола бастады. Басында тек өз отбасым үшін жасадым, кейін тапсырыстар көбейді, уақыт өте келе өндіріс көлемін ұлғайттым. Семейде бұл іспен тек екі шебер айналысады. Бұл шыдамдылық пен шеберлікті қажет ететін күрделі кәсіп. Сондықтан көп адам бұл бизнесті жалғастыра алмайды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасының арқасында мен грант ұтып, жаңа жабдықтар сатып алдым. Бұрын кішкентай орында жұмыс істесем, қазір кең, жарық шеберханам бар. Жоба ұйымдастырушыларына үлкен алғысымды білдіремін», – деді Нұрзия Тәшімова.

Кездесу барысында басқа да жеңімпаздар мен қатысушылар өз жетістіктерімен бөлісті, бұл жобаның әйелдерге өзін кәсіпкерлік саласында табысты көрсетуіне үлкен мүмкіндік беретінін атап өтті.

Қорытындылай келе, қатысушылар енді ай сайын жиналып, жаңа кәсіпкерлердің жұмыс орындарына барып, олардың тәжірибесімен танысу және дамуына қолдау көрсету туралы шешім қабылдады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер