«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Білім салалық кеңесінде жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі талқыланды

2025 жылғы 05 Желтоқсан
- Шымкент қаласы
118 просмотров

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында Білім салалық кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Жиынға Палата директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев, Шымкент қалалық білім басқармасының бөлім басшысы Бекзат Тайғашов, «Ақпараттық-оқу орталығы» АҚ өкілі Н.Жылқыбаев, жекеменшік мектептердің жетекшілері қатысты.

Жиында жеке мектептерді екінші ауысымда оқыту бойынша қаржыландыру мәселесі көтерілді.

«Қазіргі таңда мектептерді екінші ауысымда оқыту бойынша қаржыландыруда шешілмеген мәселелер бар. Осыған байланысты көптеген жеке білім беру ұйымдары мұғалімдерге жалақыны уақтылы төлей алмай отыр. Егер бұл мәселе шешімін таппаса, шамамен 300 мұғалімнің жұмыстан қысқартылу қаупі бар», – деді Білім салалық кеңесінің төрайымы Диана Караманова.

Шымкент қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Тайғашов бұл мәселе бойынша қосымша қаржы бөлінетінін мәлімдеді.

«Жуырда Шымкент қалалық мәслихатының отырысында осы мәселе қаралады. Егер мәслихат бұл мәселені бекітсе, биылғы қаржыландыру мәселелері толық шешілетін болады», – деді Бекжан Тайғашов.

Жиында жекеменшік мектептерге қатысты басқа да мәселелер көтеріліп, талқыға салынды.

Атап айтқанда, жекеменшік мектеп басшыларының сөзінше, бүгінде балаларды бір мектептен екінші мектепке ауыстыру кезінде проблема бар. Мысалы, егер оқушы 15 қарашада бір мектептен шығарылып, жаңа мектеп оны 16 қарашада қабылдаса, онда осы ай үшін бұл оқушыға қатысты қаржы ешқандай мектепке түспейді. Соның салдарынан жеке мектептер нақты көрсетілген қызмет үшін төлем ала алмайды.

«Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ өкілі бұл жобаның пилоттық жоба екенін айтты. Сонымен бірге жеке мектептердің өкілдері ұсынған барлық ақпарат пен ұсыныс орталық аппаратқа жолданып, жүйені жаңғыртудың келесі кезеңдерінде қарастырылмақ.

Кеңес отырысының соңында Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мақсат Өткелбаев ауқымды мәселе туындаған жағдайда кәсіпкерлер Палатаға ұжымдық арыз-шағым түсіре алатынын, ары қарай мәселе орталық деңгейде көтерілетінін жеткізді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер

405174