«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Мемлекеттік мекемелер кәсіби стандарттарды әзірлеуді кешіктіріп отыр

2016 жылғы 17 Маусым
11534 просмотров

«Атамекен» ҰКП министрліктерді бұл жұмысты сапалы әрі жедел атқаруға шақырады

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында салалық министрліктердің қатысуымен салалық біліктілік шеңберін бекіту жөніндегі мәселелер талқыланды.

ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев атап өткендей, Палатада мақұлдау үшін салалық министрліктерден келіп түскен 208 кәсіби стандарттар жобасына талдау жүргізілген. Негізгі бары 266. Оның айтуынша, стандарттарды қабылдауды созып отырған бірқатар жайттар бар. Біріншіден, оның айтуынша, жаңарған салалық біліктілік шеңбері (СБШ) жоқ, жекелеген кәсіби стандарттар жобасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген кәсіби стандарттарды әзірлеу және рәсімдеу әдістемесіне, сондай-ақ салалық қауымдастықтардың талаптарына сәйкес келмейді, өтінім пакеттері толық емес, қазақ тіліндегі жобалар жоқ. Сонымен қатар, кәсіби стандарттарды дайындау барысында СБШ әзірлеуге және пайдалануға әдістемелік ұсынымдар жоқ. Мамандықтардың көрнекі картасы жоқ болғандықтан, салалық біліктілік шеңберін тәжірибелік тұрғыдан байдалану қиындық тудырады. Оған қоса 2012-2015 жылдары әзірленген кәсіби стандарттар туралы жүйеленген ақпараттар мен мәліметтер жоқ.

«Біз ертеректе әзірленген кәсіби стандарттар туралы барлық ескі ақпараттар мен мәліметтерді толықтай жүйелендіруді ұсынамыз, өйткені қазір олардың кейбіреуін түсіну өте қиын. Салалық біліктілік шеңберін тәжірибелік тұрғыдан пайдалану үшін СБШ әзірлеу жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға кәсіби біліктілік картасын қосу керек (саланың негізгі мамандықтарының картасы). Қазақстанның ҰБШ мазмұнын жаңарту мен оны пайдалануға талдау жасау үшін жұмысшы орган қызметін ҚР БЖҒМ АТО-ға немесе ҚР ДСжӘДМ жанындағы еңбекпен қамту жөніндегі АТО-ға бекіту», – деді Палата өкілі.

Одан бөлек, Әлтаевтың айтуынша, салалық біліктілік шеңберін пайдалануға талдау жасау және жаңарту үшін жұмысшы орган қызметін салалық министрліктердің ақпараттық-талдау орталықтарына бекіту қажет, әр министрліктен бекітілген кәсіби стандарттар бағыттары бойынша жауаптылар мен СБШ әзірлеу және бекіту мерзімдерін, сондай-ақ кәсіби стандарттарды бекітудің жоспарланған мерзімін анықтау керек.

«Осылайша, барлығы қалап отырғандай, түсініксіз бір кәсіби стандарттарды бізге лақтыра салып, оны бекіту іске аспайды. Біз оларды бекітпейміз. Біріншіден, салалық біліктілік шеңберлері болуы қажет, сондықтан министрліктер шындап жұмыс істеулері тиіс. Екіншіден, кәсіби стандарттарды біз салалық қауымдастықтармен келісе отырып, мақұлдаймыз. Салалық қауымдастықтар оны қайта жасауға ескертпелер мен ұсыныстар берсе, саңылаусыз қабырғаға тап боламыз. Жауапты адам жоқ, барлығы бір біріне лақтырады», – деп мәлімдеді ол.

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов, өз кезегінде, ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. «Биылғы жылға дейін кәсіби стандарттарды мемлекеттік органдар әзірлеп келген. Осы уақыт аралығында 449 стандарт әзірленген, соның ішінде 183-ін Әділет министрлігінде тіркеп үлгерген. Сонда бұл кәсіби стандарттардың тағдырын қалай шешу керек деген мәселе туды. Жаңа Еңбек кодексі бойынша ҰКП-дан оны бекітуін сұрадық. Сондықтан Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның қатысуымен өткен жиналыста бекітуге екі ай алатынымыз туралы және мемлекеттік органдар сәйкесінше жұмыс берушілер қауымдастықтарымен тағы бір рет қарайды деген келісімге келгенбіз. Алайда, өкінішке қарай, біз бұл жұмысты да істемедік», – деді ол.

Нұрымбетов 16 наурызда Еңбек кодексіне сәйкес Ұлттық біліктілік шеңберінің бекітілгенін атап өтті. «Әрине, салалық біліктілік шеңберлері болуы қажет. Сіздер жұмыс берушілер қауымдастықтарымен барлығын дайындап, үш жақты салалық комиссияға ұсынуларыңыз қажет. Қазірше мұны бір де бір мемлекеттік орган істеген жоқ. Ұйымдастыру тұстарына бола, кәсіби стандарттарды әзірлеу процестерін кешіктіріп отырған болып шығамыз», – деді шенеунік.

«Бізге қаражат бөлді әрі аз қаражат емес. Ертең Есеп комитеті сіздерді тексеруге келеді. Сондықтан, сіздерге кәсіби стандарттардың тағдыры қызықтырмаса да, ең болмаса, өз мемлекеттік органдарыңыз туралы ойланыңыздар. Сіздер бұл жұмысты аяқтауға мүдделі болуларыңыз қажет», – деп мәлімдеді ол.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер